Жарияланған күні: 28.03.2022 13:11
Өзгертілген күні: 28.03.2022 13:35

Бүгін жеке тұлғалардың банкроттығын қарастыратын заң жобалары бойынша жария тыңдаулар өтті.

Қаржы вице-министрі Д.Е. Жанәлинов, сондай-ақ Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары                      Қ. И. Миятов тікелей эфирде Заң жобасының негізгі ережелері туралы айтып, тыңдау тақырыбы бойынша келіп түскен сұрақтарға жауап берді.

Осылайша, бүгінгі күні Министрлік "Азаматтардың төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы" Заң жобасы бойынша жұмысты аяқтады.

Заң жобасының нормаларына сәйкес азаматтарға рәсімдердің үш түрі ұсынылады:

1. Азаматтар соттан тыс банкроттықты келесі жағдайларда қолдана алады:

1)банктер, микрокредиттік ұйымдар және коллекторлар алдындағы борыш 4,9 млн. теңгеден (1600 АЕК) аспайды;

2) ресми табысы жоқ немесе табысы ең төмен күнкөріс деңгейінен аспайды, оның ішінде асырауындағы адамдар (отбасы мүшелері) – 36018 теңге.

Бұл ретте борышкердің мүлкі болмауға тиіс және банкпен борыштар бойынша реттеу рәсімін жүргізу қажет.

Соттан тыс банкроттықты тек банктер, МКҰ және коллекторлық агенттіктер алдындағы қарыздар бойынша қолдануға болады.

 Соттан тыс банкроттық "электрондық үкімет" веб-порталында басталады. Содан кейін Мемлекеттік кірістер комитетінің ақпараттық жүйесінде кірістер мен мүліктің, сондай-ақ сот шешімдерінің болуы тұрғысынан басқа мемлекеттік органдардың деректерімен автоматты түрде салыстырып тексеру жүргізілетін болады.

Тексеру нәтижелері бойынша борышкерге тиісті хабарлама жіберілетін болады (соттан тыс банкроттықтан бас тарту не оның басталуы).

 

4,9 млн. теңгеден асатын қарыздың барлық түрлері бойынша барлық қалған азаматтар сот банкроттығын қолдана алады.

Осы рәсім барысында борышкердің мүлкі сауда-саттықта сатылуы мүмкін. Түскен қаражат белгіленген кезектілікке сәйкес кредиторлар алдындағы борыштарды өтеуге жіберіледі.

Егер жалғыз тұрғын үй кепіл нысанасы болып табылса, онда кредитор оны сот банкроттығы барысында алып қоюға құқылы болады.

Егер жалғыз тұрғын үй кепіл болмаса, кредиторлар оған өтініш бере алмайды.

Қалған өтелмеген сома борышкердің жосықсыз әрекет ету белгілері (мүлікті немесе ол туралы ақпаратты жасыру, жалған ақпарат беру және т.б.) болмаған жағдайда есептен шығаруға жатады.

Алайда, алимент және басқа адамның өмірі мен денсаулығына келтірілген залал бойынша қарыздар есептен шығаруға жатпайды.

Егер барлық міндеттемелердің мөлшері мүліктің құнынан аспаған жағдайда, төлем қабілеттілігін қалпына келтіру жоспарын міндетті түрде бекіте отырып, төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімі қолданылады (5 жылға дейін).

Сондай-ақ, Заң жобасында банкроттардың қаржылық сауаттылықты арттыру бойынша міндетті курстардан өтуі көзделген.

Әзірленген заң жобасы сондай-ақ 21 заңнамалық актіге (8 Кодекс пен 13 Заң) өзгерістер мен толықтыруларды көздейді.