Жарияланған күні: 25.01.2021 09:29
Өзгертілген күні: 25.01.2021 09:52

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ҚАРЖЫ МИНИСТРЛІГІНІҢ

МЕМЛЕКЕТТІК КІРІСТЕР КОМИТЕТІ

 

 

БАСПАСӨЗ ХАБАРЛАМАСЫ

 

Зияткерлік меншік объектілерінің кедендік тізіліміне

енгізу ережелері жеңілдеді

 

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кедендік реттеу және кәсіпкерлік қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының 2021 жылғы 5 қаңтардағы № 407-VI ҚРЗ Заңымен (бұдан әрі – Заң) «Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы» Қазақстан Республикасының Кодексінен 461-баптың 3-тармағының 3) тармақшасы алынып тасталды.

 

Бұрын құқық иеленушілер зияткерлік меншік объектілеріне құқықтар бұзыла отырып, ЕАЭО кедендік шекарасы арқылы өткізу фактісін растауы керек болатын. Бұл үрдіс зияткерлік меншік объектілерінің кедендік тізіліміне (бұдан әрі - ЗМОКТ) енгізу туралы өтініш беру кезінде қарастырылған еді, деп хабарлады ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті.

Бұл норма құқық иелері үшін зияткерлік меншік объектілерін тізілімге қосу кезінде кедергі болып табылатын.

Яғни, аталған норма ЗМОКТ-қа тек қана құқық бұзушылықтары анықталған зияткерлік меншік объектілерін ғана қосуға мүмкіндік берді. Ал зияткерлік меншік объектісінің иесі, зияткерлік меншік объектісін тізілімге қосу ниетімен Қазақстан нарығына алғаш рет келгенде, өзінің зияткерлік меншік объектілеріне құқығын қорғауға мүмкіндігі болмады.

Қазір ЗМОКТ-қа қосуға өтініш берген кезде құқық иеленушілердің, зияткерлік меншік объектілеріне құқықтар бұзыла отырып, Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы тауарларды өткізу фактісін растайтын құжатты ұсыну қажеттігі алынып тасталды.

Заң ағымдағы жылдың 17 қаңтарынан бастап күшіне енді.